БҚО-да коронавируспен ауырғандардың көптігіне байланысты қосымша орындар ашылуда




ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавируспен ауырғандардың көптігіне байланысты қосымша орындар ашылуда. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Об этом сообщает Алексей Пивоваров

Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы науқастарға толған.

Соған байланысты қалалық көпбейінді ауруханасында 20 төсектік орындар ашылды. Сондықтан мұнда жоспарлы оталар тоқтатылады. Облыстық көпбейінді ауруханасында да жұмыс көбейеді, өйткені көптеген қызметтер соған ауыстырылады. Сондай-ақ науқастардың бір бөлігі облыстық перинаталдық орталық, онкологиялық диспансерге орналастырылатын болады.

«Коронавирустан қайтқан соңғы екі адамға келсек, оның екеуі де – егде жастағы адамдар. Бірі 1941 жылғы ер, екіншісі 1932 жылғы әйел адам. Коронавирус инфекциясына қоса екіжақты полисегментті пневмония, сондай-ақ жүрек жетіспеушілігі, атеросклероз, қант диабетімен ауырған», деді Б.Қаюпов.

Күні бүгін жұқпалы аурулар ауруханасында 151 емделуші жатса, соның ішінде жеңіл дәрежедегілер жоққа жақын. 130-ы орташа ауыр халде. 18 адам ауыр халде. Тағы бір адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жиырмадай адам оттегі маскасымен тыныстауда.

Сонымен қатар 78 адам «Кумыска» стационарында жатыр. Бұлар – ауру белгілері жоқ адамдар. Онда жатақханада немесе басқа оқшаулануға жағдайы жоқ жерде тұратын отбасылар да орналастырылған.

-Кеше облыста коронавирус жұқтырған 21 науқас тіркеліп, жалпы саны 1012-ге жетті. Соған қоса бір күнде ауру белгілері байқалмайтын 57 адам (бұлардың жалпы саны – 379) анықталды. Бұл аурудың өршіп отырғанын көрсетеді. Күн сайын қала ғана емес, облыс аудандарында, мемлекеттік мекемелермен қатар ірі компанияларда науқастар анықталуда. Ауру белгілері байқалмайтын адамдар да үйлерінде оқшауланып, дәрігерлердің бақылауында болады. Алайда бәрі де адамның сана-сезіміне, жауапкершілігіне байланысты. Өкінішке қарай, вирустың бар екендігіне сенбейтіндер көп. Вирус жоқ емес, бар және оның кез келген жерде жұғуы ықтимал. Көшеде бетперде кимей, топталып жүру, той-томалақтарға, түрлі жиындарға қатысу тоқталмайтын болса, індеттің бұдан да кең таралуы әбден мүмкін, — деді Б.Қаюпов.

-Болатбек Амангелдіұлы, өңірде дәрігерлер жеткілікті ме, дәрі-дәрмекпен қамтылу жағы қалай?

-Осы орайда қазіргідей қиын жағдайда өз өмірлерін қатерге тігіп, еңбек етіп жатқан дәрігерлерге, барлық медицина қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әрине, коронавирусты емдеуге барудан бас тартатын әріптестер де жоқ емес, біз оларды кінәлай алмаймыз. Сонымен қатар өз еріктерімен алғы шепте жүргендер де жеткілікті. Күні бүгін емдеу мекемелері керекті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен қамтылған. Індетке қарсы күрес жалғасуда.

-Науқастарды қандай дәрі-дәрмекпен емдеп жатырсыздар?

-Коронавирусқа қарсы дәрінің жоқ екендігі белгілі. Тек ауру белгілеріне қарсы ем жасалады. Мысалы, қызуы көтерілсе, екпемен оны түсіреміз. Ал өкпесі қысылса, оттегі маскасына қосылады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», дегендей, ең бастысы, сақтық керек. Шектеу шараларын қатаң сақтай білсек қана індетке тосқауыл қоя аламыз.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырғандар саны мыңға жуықтағанын жазған болатынбыз.



Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/bko-da-koronaviruspen-auyrgandardyn-koptigine-baylanysty-kosymsha-oryndar-ashyluda_a3662853”