ЖАСАРАЛ КУАНЫШАЛИН: «АЛАШ ЖОЛЫНА» СЕНУГЕ БОЛМАЙДЫ!



Байқаймын, «Алаш жолына» қатысты айтыс бітпейтін дау-дамайға айналып бара жатқанға ұқсайды. Ал, шынтуайтына келсе, бұл мәселеде жалпы қандай айтыс болуы мүмкін? Әлде бұл ұйымды қолдап, шыр-пыр болушылар назарбаевтық Қазақстандағы баршаға бұрыннан мәлім бір айдай анық ақиқатты білмейді ме екен немесе «білмегендей» түр көрсеткісі келеді ме екен?

Егер «алашшылдарды» қолдайтындар ол ақиқатты шынымен-ақ білмейтін болса, менің оларға айтарым мынау: естеріңде болсын, айналайындар, біздің елімізді ширек ғасырдан астам уақыт-бойы үздіксіз билеп-төстеп келе жатқан ұлтқа қарсы диктаторлық режим қазақ мүддесі үшін шын күресетін еш те бір ұйымды ешқашан ТІРКЕМЕЙДІ.

Ал егер билік қандай да бір ұйымды тіркеген болса, бұл – ондай ұйымның билік не бұйырса, соны орындайтындығы жөнінде Қараордамен келісім-шарт жасасу арқылы тіркелгендігінің бұлтартпас дәлелі. Бұған ешқандай күмән жоқ және болуы да мүмкін емес. Аталмыш ұйым өкілдерінің тек тіл мен жер мәселесін көтеріп, ал билік мәселесіне жоламай, зыр-зыр қашуының басты себебі – осында.

Осыдан келіп заңды сұрақ туады: қазақтың негізгі ұлттық проблемаларының ешқайсысы, соның ішінде, әлбетте, тіл мен жер мәселесі де, Назарбаев режимі дәуірлеп тұрған кезде ешқандай шешім таппайтындығын, керісінше, ушыққан үстіне ушыға түсетіндігін «алашшылдардың» білмеуі мүмкін бе? Жоқ, әрине, өйткені олар мұны білмейтіндей дәрежедегі ақымақтар емес.

Демек, «Алаш жолының», еліміздегі басқа да жалған «оппозициялық» және жалған «ұлтшыл» ұйымдар тәрізді, қазақ мүддесі үшін тек «күрескен» түр көрсетіп, саяси ойын ойнау арқылы қалың бұқараны алдап-сулап, адастырып-шатастыра отырып, жұртшылық назарын ҚДТ-ДВК-ның өз алдына қойып отырған басты мақсаты – билікпен күрес мәселесінен басқа жаққа аударып жіберу үшін жұмыс істейтіндігі өзінен-өзі белгілі жағдай.

Мұхтар Әбіләзовтің осыдан бұрын режимнің ҚДТ-ДВК-ға қарсы Әміржан Қосанов басшылығымен «Алаш» атты ұйым құруды жоспарлап жатқандығын мәлімдегені естеріңізде болар. Енді, міне, соның салдарынан өзінің ол жоспары алдын-ала әшкере болып, жүзеге аспай қалуына байланысты Қараорда амалсыздан осындай қадамға баруға, яғни, мына ұйымды тіркеуден өткізіп, іске қосуға мәжбүр болып отыр.

Сондықтан, әлбетте, «Алаш жолына» сенуге болмайды!

Жасарал Куанышалин